Қазақстан құрамасы Фарер аралдарын қабылдайды: Астанада үш ұпай үшін тартыс
Кездесу Астанадағы «Астана Аренада» жергілікті уақыт бойынша бүгін сағат 19:00-де басталады.
ашық дереккөзден
Бүгін, 6 қазанда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасындағы төртінші тур аясында Фарер аралдарының командасын қабылдайды.
Бұл матч Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды. Үш турдан кейін ұлттық құрама өз тобында төртінші, яғни соңғы орында тұр. Қазақстанның еншісінде әзірге бір ғана ұпай бар. Ал Фарер аралдары үш ұпаймен үшінші орында келеді.
Екі команда қазіргі Ұлттар лигасының алғашқы турында Фарер аралдарында кездескен болатын. Кездесу 1:1 есебімен аяқталып, ұлттық құрама бір ұпай еншіледі.
Алайда одан кейін Қазақстан Словакия мен Молдоваға қарсы матчтарда 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Сондықтан бүгінгі кездесуде алаң иелері үшін ұпай жоғалтудың салдары ауыр болуы мүмкін.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип Фарер аралдарына қарсы ойын алдында өткен баспасөз мәслихатында команда соңғы сәтсіздіктен қорытынды шығаруы керектігін атап өтті.
«Әрине, Молдоваға қарсы соңғы ойындағы нәтижеден көңіліміз қалды. Бұл туралы ойыншылармен сөйлестік. Қазақстандағы барлық жанкүйеріміздің де көңілі қалғанын түсінеміз. Енді жағдайды түзеп, жақсы нәтиже көрсету және үш ұпай үшін күресу - өз қолымызда. Ол үшін алаңда қалай ойнайтынымызға мән беріп, ойынымызда тәртіпті күшейтуіміз керек. Сонымен қатар, жақсартуға болатын барлық нәрсені ертеңгі ойынға алып келуіміз қажет», - деді маман.
Матчты Эстониядан келген төрешілер бригадасы басқарады. Бас төреші - Кристо Тохвер. Оған қапталда Сильвер Кыйв пен Сандер Сара көмектеседі. Төртінші төреші міндетін Карл Коппель атқарады. VAR жүйесінде де эстон мамандары жұмыс істейді.
Қазақстан құрамасы үшін бүгінгі матч - турнирдегі жағдайын түзеп, жанкүйерлер алдында жеңіске жетуге мүмкіндік беретін маңызды кездесу. Алаң иелеріне енді тек жақсы ойын ғана емес, нәтижелі ойын қажет.