Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен тең түсті

Құрамалар 1 ұпайдан еншіледі.

Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен тең түсті ашық дереккөзден

Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы кезекті матчта Фарер аралдарының құрамасымен кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті.

Ойынның алғашқы 20 минутында қазақстандық футболшылар жақсы ойын көрсеткенімен, 22-минутта Кнудсен есеп ашты. 

Екінші таймда қонақтар тағы бір гол соқты. 63-минутта Туридің дәл соққысы Фарер аралдарының басымдығын еселей түсті.

Алайда Қазақстан құрамасы ойын барысын өзгерте алды. 68-минутта Сергей Малый есеп айырмасын қысқартса, 76-минутта Нұралы Әліп таразы басын теңестірді.

Кейін Сергей Малый қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Соған қарамастан қазақстандық футболшылар есепті сақтап қалды. Қорытынды есеп - 2:2.

Матчтан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип кездесудің екі команда үшін де ауыр әрі тартысты өткенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан алғашқы 20 минутта жақсы ойнағанымен, алғашқы голдан кейін сенімділігін жоғалтып, ойын тізгінін қарсыласқа беріп қойған.

Бас бапкер екінші таймда командаға тәуекелге баруға тура келгенін атап өтті. Прессингтің нәтижесінде және қарсылас ойыншысының екінші сары қағаз алып алаңнан қуылуы Қазақстан құрамасына есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік берген. Кейін қазақстандықтар есепті теңестірген.

Дегенмен Джон ван ’т Шкип Сергей Малыйдың қызыл қағаз алуын өкінішті жағдай деп бағалады. Ол 2:2 нәтижесін бір ұпайға ие болу емес, екі ұпай жоғалту ретінде қабылдап отырғанын жеткізді.

Ал, Қазақстан құрамасының ойыншысы Максим Самородов та матчтың ауыр өткенін айтты. Ол команда жеңіске жетіп, барынша көп ұпай жинауға тырысқанымен, бұл мақсаты орындалмағанына өкініш білдірді.

Самородов қарсылас ойыншысы алаңнан қуылғаннан кейін Қазақстан құрамасы допқа көбірек иелік етіп, ойынды бақылауда ұстауға ұмтылғанын атап өтті. Алайда команда жеңіс голын соға алмады.

Сонымен қатар футболшы жанкүйерлерді ұлттық құраманы қолдауды жалғастыруға шақырды. Оның айтуынша, командаға жақсы нәтижеге жету үшін аз ғана уақыт қажет. Сондықтан жанкүйерлерден сабыр сақтауды сұрады. 

Айта кетейік, ұлттық құрама келесі кездесуін 13 қараша күні Молдоваға қарсы сырт алаңда өткізеді. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу