Қазақстан пара спортшылары Азия ойындарында 12 спорт түрінен сынға түседі
Қазақстандық пара спортшылардың алғашқы жарысы 16 қазанда пара үстел теннисінен басталады.
ашық дереккөзден
18-24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында V Азия Пара ойындары өтеді. Қазақстан құрамасы жарысқа спорттың 12 түрінен 150 спортшымен қатысады.
Отандық пара спортшылар пара дзюдо, пара жүзу, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара таеквондо, пара садақ ату, пара велоспорт, пара оқ ату, бочча, волейболды отырып ойнау және арбадағы теннистен бақ сынайды.
Биыл Қазақстан арбадағы теннистен Азия Пара ойындарына алғаш рет қатысады. Сонымен қатар пара жеңіл атлетикадан зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да тұңғыш рет ел намысын қорғайды.
Қазақстандық пара спортшылардың алғашқы жарысы 16 қазанда пара үстел теннисінен басталады. Ал ойындардың ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоядағы Мидзухо жеңіл атлетика стадионында өтеді.
V Азия Пара ойындарына 45 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығын сарапқа салады.