Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Будвадағы әлем чемпионатына қатысады
Боксшыларымыз Түркістанда оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
ашық дереккөзден
2026 жылғы 14-28 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты өтеді.
Жарысты өткізу құқығын Черногорияның бокс қауымдастығы жеңіп алды. Бұл шешім биыл 16 сәуірде World Boxing ұйымының Атқарушы кеңесі бірнеше ұлттық федерация қатысқан конкурстық іріктеу нәтижесінде қабылданған болатын.
Әлем чемпионаты Жерорта теңізі спорт орталығында ұйымдастырылады. Бұл Черногорияда World Boxing жарыстар күнтізбесіне енген халықаралық бәсекенің алғаш рет өткізілуі.
World Boxing бас хатшысы Том Дилен Черногорияның жеңімпаз өтінімін жоғары бағалап, ұйымдастырушылармен бірлесіп, Будвада жоғары деңгейдегі дода өткізуге дайын екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстанның U19 ерлер құрамасы әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұлттық команданың бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев жетекшілік ететін боксшылар 27 қыркүйек пен 13 қазан аралығында Түркістан қаласындағы Olympic Center спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Жиынға еліміздің әр өңірінен 30-дан астам спортшы қатысып, спаррингтік кездесулер нәтижесінде әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын 10 салмақтағы боксшылар анықталып жатыр.
Будвадағы әлем чемпионаты 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы World Boxing ұйымының екінші әлемдік додасы болмақ. Алғашқы чемпионат 2024 жылдың қазан-қараша айларында АҚШ-тың Колорадо штатында өткен еді.