Қасым-Жомарт Тоқаев FIDE президенті Тимур Турловты қабылдады
Тимур Турлов Қазақстан Президентіне шахматқа көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, спорт түрін әлемде дамытуға бағытталған жаңа жобалар туралы айтты.
ашық дереккөзден
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турловты қабылдады.
Мемлекет басшысы Турловты жаңа қызметімен құттықтап, оның сайлануы Қазақстан шахматының халықаралық беделі артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
Кездесуде Қазақстандағы шахматты дамыту мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта елімізде 278 мыңнан астам адам шахматпен тұрақты айналысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс жүлде иеленген Қазақстан әйелдер құрамасының жетістігін атап өтті.
Президент ұлттық құрамалардың дайындығын күшейту, жас таланттарды даярлау жүйесін жетілдіру, білім беру саласында шахматты дамыту және өңірлердегі инфрақұрылымды кеңейту қажеттігін айтты.
Сондай-ақ отандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру және Қазақстанда ірі халықаралық шахмат жарыстарын өткізу үшін FIDE мен ұлттық федерация арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін жеткізді.