Абылайхан Жұбаназар дзюдодан әлем чемпионатында үздік бестікке енді
Биылғы бәсекеге 93 елден 622 дзюдошы қатысып жатыр.
ашық дереккөзден
Әзербайжан астанасы Бакуде дзюдодан ересектер арасындағы әлем чемпионаты жалғасуда. Қазақстандық Абылайхан Жұбаназар 81 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатын үздік бестіктің қатарында аяқтады.
Отандасымыз қола жүлде үшін белдесуде Әзербайжан өкілі Омар Раджаблимен кездесті. Тартысты белдесуде Жұбаназар қарсыласына есе жіберіп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Рейтингте үздік сегіздіктің қатарында болған қазақстандық дзюдошы жарысты екінші айналымнан бастады. Ол ширек финалға дейін Оңтүстік Корея өкілі, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері және екі дүркін Азия чемпионы Джун Хван Лиді, әзербайжандық Вусал Галандарзадені және аустралиялық Кейшин Очиді жеңді.
Айта кетейік, Абылайхан Жұбаназар биыл тамыз айының соңында Швейцарияда өткен Grand Slam турнирінде чемпион атанған.
Осылайша, Қазақстан құрамасының Бакудегі әлем чемпионатындағы қоржынында әзірге бір күміс медаль бар. Оны жарыстың алғашқы күнінде Шерзод Давлатов (-60 кг) иеленді.
Әлем чемпионаты 12 қазанға дейін жалғасады.