Альберто Беттиоль «Гран Пьемонте» жарысында үшінші орынға ие болды
«Гран Пьемонте» жарысы биыл 110-мәрте ұйымдастырылды.
ашық дереккөзден
«XDS Astana Team» командасының италиялық велошабандозы Альберто Беттиоль беделді «Гран Пьемонте» біркүндік жарысында үшінші орын иеленіп, маусымды жүлдемен аяқтады.
185 шақырымға созылған жарыс Асти қаласынан басталып, Брада мәресіне жетті. Жарыстың шешуші кезеңі соңғы шақырымдарда өтті. Осы тұста көшбасшы топта «XDS Astana Team» спортшылары жеңіске басты үміткерлер қатарында болды.
Алайда мәреге жақын жерде Томас Сильва соңғы бұрылыста құлап, жарысты жалғастыра алмады. Дегенмен команда сапында жалғыз қалған Альберто Беттиоль финалдық спринтте үшінші болып мәреге жетті.
Беттиольдің айтуынша, жарыстың соңғы бөлігінде команда Сильваны спринтке дайындауды жоспарлаған. Себебі ол жылдамдығы жоғары велошабандоз. Ал Алессандро Ромеле бұған дейін алға озған топты қуып жетуге көп күш жұмсап, соңына қарай шаршаған.
Италиялық спортшының сөзінше, Симоне Веласко команда көшбасшыларын алға шығару үшін үлкен жұмыс атқарған. Ал мәреге таяу Сильва Беттиольге шабуыл жасауға белгі берген. Осылайша олар соңғы техникалық бөлікте тиімді позицияға орналасқан.
Алайда соңғы бұрылыста Сильваның құлауы команданың жоспарына әсер етті. Беттиоль жарысты жалғыз жалғастырып, нәтижесінде үшінші орынға ие болды.