Алматыда Денис Тен мемориалы өтуде
Денис Тен мемориалы - қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының жарқын есімін ұлықтауға және спортты дамытуға бағытталған дәстүрлі халықаралық жарыстардың бірі.
figureskating.kz
Алматы қаласында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр. 7-10 қазан аралығында Halyk Arena мұз айдынында ұйымдастырылып жатқан жарыс ISU Challenger Series халықаралық сериясына кіреді.
Биылғы мемориалға әлемнің 25 елінен шамамен 150 мәнерлеп сырғанаушы қатысуда. Спортшылар ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанау және мұздағы би бағдарламалары бойынша бақ сынап жатыр.
Әйелдер арасындағы қысқа бағдарламада Қазақстан намысын қорғаған Софья Самоделкина 69,45 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды 77,39 ұпаймен бейтарап мәртебеде өнер көрсететін Александра Игнатова иеленсе, Оңтүстік Корея өкілі Юджае Ким 75,99 ұпаймен екінші орынға жайғасты.
Қазақстандық Диас Жиренбаев ерлер арасындағы қысқа бағдарламада 66,11 ұпай жинап, жетінші орынға ие болды. Бұл сайыста бейтарап мәртебеде өнер көрсететін Владислав Дикиджи 107,31 ұпаймен көш бастады. Глеб Лутфуллин 95,79 ұпаймен екінші, Пётр Гуменник 80,63 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.
Әйелдер арасындағы еркін бағдарлама бүгін 9 қазанда 19:30-да, ал ерлер арасындағы шешуші кезең 10 қазанда өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Денис Тен 2014 жылы Сочи қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін алған алғашқы спортшы атанды. Ол сондай-ақ 2013 жылғы әлем чемпионатында күміс, ал 2015 жылғы әлем біріншілігінде қола медаль иеленген.