Алан Құрманғалиев Бейжіңдегі халықаралық турнирді жеңіспен бастады

Турнирге жастар арасындағы әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері жиналған.

Алан Құрманғалиев Бейжіңдегі халықаралық турнирді жеңіспен бастады ашық дереккөзден

Қазақстандық үстел теннисінің шебері Алан Құрманғалиев Бейжіңде өтіп жатқан «WTT China Youth Smash» халықаралық турниріндегі алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.

Қарағандылық спортшы жарыстың алғашқы ойынында Қытай Тайбэйінің өкілі Чен Кай-Чэнді 4:0 есебімен жеңді.

Енді қазақстандық теннисші ертең топтық кезеңде Иран өкілі Мұхаммад Хабибимен және малайзиялық Ли Хонг Анмен кездеседі. Бұл ойындардың нәтижесі оның 1/8 финалға шығу мүмкіндігіне әсер етеді.

Айта кетейік, 9-11 қазан аралығында өтіп жатқан турнирдің жүлде қоры 20 мың АҚШ долларын құрайды. Жарысқа 100-ден астам спортшы қатысуда.

Алан Құрманғалиев 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлемдік рейтингте тоғызыншы орында тұр. Бейжіңдегі бәсекеде ол рейтингтің үздік ондығына кіретін Иран өкілі Беньямин Фараджи (7-орын), Қытай Гонконгының спортшысы Ли Ки Хо (8-орын) және Қытай Тайбэйінің өкілдері Хунг Чэ-Йен (10-орын) мен Линь Цзиньтин (11-орын) секілді мықты қарсыластармен қатар сынға түсуде.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу