Александр Бублик Шанхайдағы турнирдің үшінші айналымына шықты
Александр Бублик 1/16 финалда америкалық Брэндон Накашимамен кездеседі.
ашық дереккөзден
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ATP 1000 санатындағы Rolex Shanghai Masters турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған және жарыста 19-нөмірмен тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда Чехия өкілі Томаш Махачпен кездесті. Әлемдік рейтингтің 75-сатысында тұрған қарсыласын Бублик екі сетте жеңді. Кездесу 6:4, 7:6 (7:4) есебімен аяқталды.
Теннисшілер кортта 1 сағат 25 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Бублик 18 эйс жасап, бір қос қателікке жол берді. Сондай-ақ ол алты брейк-пойнттың екеуін сәтті пайдаланды.
Енді қазақстандық теннисші турнирдің үшінші айналымында америкалық Брэндон Накашимаға қарсы ойнайды. 1/16 финалдық матчтар 11 қазанға жоспарланған.
Айта кетейік, 5 қазан күні басталған турнир 18 қазанға дейін жалғасады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 8,995,555 АҚШ долларын құрайды.