Аруна Жангельдина әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады
10 қазан күні дзюдодан әлем чемпионатында Камила Берліқаш пен Ақерке Рамазанова жарыс жолына шығады.
ашық дереккөзден
Әзербайжан астанасы Бакуде дзюдодан ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтыншы жарыс күні мәресіне жетті. Қазақстан құрамасының өкілі Аруна Жангельдина жарысты алғашқы айналымда аяқтады.
Әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз алғашқы белдесуінде финляндиялық Эмма Крапумен кездесті. Алайда тартысты жекпе-жекте қазақстандық дзюдошы қарсыласына есе жіберді.
Қазақстан құрамасының өкілдері арасындағы жекелей сындағы жарыс ертең жалғасады. Аса ауыр салмақта (+78 кг) Камила Берліқаш пен Ақерке Рамазанова татамиге шығады.
Айта кетейік, Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионаты 12 қазанға дейін жалғасады. Биылғы додаға 93 елден 622 дзюдошы қатысып жатыр.
Бұған дейін жарыс жолына шыққан қазақстандық спортшылардың арасынан Абылайхан Жұбаназар үздік бестікке енсе, Шерзод Давлатов күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Жалғас Қайролла, Эсмигүл Куюлова, Аңсарбек Ғайнуллин, Ақылжан Жұбатқанов және Нұрқанат Серікбаев қарсыластарына есе жіберіп, жарысты аяқтады. Ал, Шерзод Давлатов күміс жүлдеге қол жеткізді.