Софья Самоделкина Денис Тен мемориалының қола жүлдегері атанды
Турнирге әлемнің 25 елінен 150 мәнерлеп сырғанаушы қатысуда.
ашық дереккөзден
Алматыда мәнерлеп сырғанаудан өтіп жатқан Денис Тен мемориалы халықаралық турнирінде әйелдер арасындағы жекелей сында жеңімпаздар анықталды. Қазақстандық Софья Самоделкина жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Қысқа бағдарламадан кейін үшінші орында тұрған отандасымыз еркін бағдарламада 134,91 ұпай жинады. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша оның еншісінде 204,36 ұпай бар. Осылайша, Самоделкина қола жүлдеге қол жеткізді.
Турнир жеңімпазы бейтарап ту астында өнер көрсеткен ресейлік Александра Игнатова болды. Ол қос бағдарлама нәтижесінде 226,01 ұпай жинады. Оңтүстік Корея өкілі Ким Ю Чэ 209,20 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстан атынан сынға түскен өзге спортшылар арасында Нұрия Сүлеймен 122,40 ұпаймен 14-орынға, Алика Халимова 120,56 ұпаймен 15-орынға, Амира Ирматова 117 ұпаймен 16-орынға тұрақтады. Зере Сарбалдина 108,73 ұпаймен 18-орын алса, Амина Алексеева 98,20 ұпаймен жарысты 19-орында аяқтады.
Айта кетейік, қысқа бағдарламадан кейін Софья Самоделкина 69,45 ұпаймен үшінші орында тұрған еді. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы еркін бағдарламада да өз позициясын сақтап, халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанды.