Александр Бублик Шанхайдағы «Мастерс» турнирінің төртінші айналымына шықты
13 қазан күні 1/8 финал аясында Александр Бублик Александр Зверевпен кездеседі.
ашық дереккөзден
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ATP 1000 санатындағы турнирдің төртінші айналымына жолдама алды.
Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған қазақстандық теннисші үшінші айналымда америкалық Брэндон Накашимаға қарсы ойнап, үш сет нәтижесі бойынша 6:7 (7:9), 6:3, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Накашима әлемдік рейтингте 19-орында тұр.
Кездесу 2 сағат 27 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Бублик 22 эйс жасап, екі рет қос қателікке жол берді. Сондай-ақ жалғыз брейк-пойнтын сәтті пайдаланып, өз геймдерінде қарсыласына мүмкіндік берген жоқ.
Төртінші айналымда қазақстандық теннисшіні әлемнің екінші ракеткасы, турнирдің бірінші нөмірлі теннисшісі Александр Зверев күтіп тұр.