Мария Севостьянова Париждегі Гран-при кезеңінде қола медаль жеңіп алды
9-11 қазан аралығында Парижде таеквондодан Гран-при кезеңі өтті.
ҚР ҰОК
Қазақстандық таеквондошы Мария Севостьянова Франция астанасы Парижде өткен Гран-при кезеңінде қола жүлдегер атанды.
Отандасымыз әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады. Ол алғашқы кездесуінде қытайлық Тайбэй өкілі Вэй Чунь Линьді 2:0 есебімен жеңді. Кейін Венгрия спортшысы Лука Патакфалвиден де басым түсті.
Ширек финалда өзбекстандық Мадина Мирабзалованы 2:0 есебімен ұтқан Мария жартылай финалға жолдама алды. Алайда шешуші кезеңге өту үшін өткен кездесуде былтырғы әлем чемпионы, бразилиялық Мария Клара Пачекоға 0:2 есебімен есе жіберді. Осылайша, қазақстандық спортшы Париждегі турнирдің қола жүлдесін иеленді.
Мария Севостьяновамен қатар Парижде Қазақстан атынан 49 келі салмақта Айдана Құмартаева және +67 келі салмақта Назым Махмұтова өнер көрсетті.
Айта кетейік, Париждегі дода Гран-при сериясының соңғы кезеңі болды. Ал финалдық кезең 27-29 қараша күндері Астанада өтеді.