Бокстан Қазақстан U19 құрамасы әлем чемпионатына қатысады
Қазіргі уақытта Қазақстан U19 құрамасы әлем чемпионаты алдында Түркістан қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
ашық дереккөзден
15-27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен U19 санатындағы әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа 80-ге жуық елден 550 боксшы қатысып, 20 салмақ дәрежесінде (10 ерлер, 10 әйелдер) әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Бақыт Сәрсекбаев баптайтын ерлер құрамасының сапында биылғы Азия чемпиондары Бибарыс Әшірбай мен Владислав Саможонов бар. Сондай-ақ наурыз айында Будвада өткен «Адриатика жауһары» халықаралық турнирінде Әділ Асқанбай мен Данияр Ақбисенов жеңімпаз атанған.
Қазақстан құрамасының ерлер арасындағы құрамы: 50 келіде Әділ Асқанбай, 55 келіде Айдос Үсенов, 60 келіде Данияр Ақбисенов, 65 келіде Ақжүрек Қалабай, 70 келіде Бибарыс Әшірбай, 75 келіде Әмір Рамазан, 80 келіде Тимур Тайбеков, 85 келіде Руслан Ахметов, 90 келіде Еркетаң Жарқынбек, ал аса ауыр салмақта Владислав Саможонов ел намысын қорғайды.
Әйелдер құрамында да халықаралық жарыстарда топ жарған спортшылар бар. Атап айтқанда, 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Камила Оспанова 2025 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында чемпион атанып, биылғы Азия чемпионатында да алтын медаль жеңіп алды. Ал Айдана Убайдуллақызы наурыз айында Таиландта өткен Futures Cup халықаралық турнирінде жеңімпаз атанды. Аталған жарысқа да 80-ге жуық елдің өкілдері қатысқан. Азия чемпионы Зарина Толыбай аса ауыр салмақта бақ сынайды.
Әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы: 48 келіде Жадыра Қалтай, 51 келіде Мадира Жұмақан, 54 келіде Жанель Имантаева, 57 келіде Алина Құдайгенова, 60 келіде Индира Қыдырмолдаева, 65 келіде Айсұлу Мұхит, 70 келіде Камила Оспанова, 75 келіде Алтынгүл Аймұхан, 80 келіде Айдана Убайдуллақызы, ал 80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай өнер көрсетеді.