Астанада жүзуден әлемдік деңгейдегі турнир өтеді
Турнир «Барыс Арена» кешенінде ұйымдастырылмақ.
ашық дереккөзден
15-17 қазан аралығында Астанада жүзуден Swimming World Cup Astana 2026 әлем кубогының кезеңі өтеді. Қазақстан құрамасы өз алаңындағы жарыста 22 спортшымен сынға түседі.
Жарыс «Барыс Арена» кешеніндегі 25 метрлік бассейнде ұйымдастырылады. Бұл кезең биыл Баку, Ташкент және Астананы қамтыған Silk Road Tour сериясының қорытынды бәсекесі болмақ.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Александр Румынский, Даниил Черепанов, Максим Клименко, Софья Сподаренко, Аделаида Пчелинцева, Егор Василенко, Глеб Коваленя, Даниил Чужинов, Раид Хиссамиев, Мансұр Балтемір, Еламан Бибулаев, Артем Шевченко, Айбат Мырзамұратов, Анатолий Руденко, Ришат Жұмағұлов, Әділбек Мусин, Артур Миронов, Максим Сказобцов, Егор Попов, Федор Диденко, София Әбубәкірова және Ғалымжан Балабек ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының тоғыз өкілі таяуда Аичи-Нагояда өткен жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғады. Отандастарымыз екі эстафеталық сайыста үздік бестікке енді. Ерлер құрамасы 4×100 метрге еркін стильде жүзуде 3:17.86 нәтижесімен бесінші орын алса, аралас команда 4×100 метрге кешенді жүзу эстафетасында 3:49.19 уақыт көрсетіп, төртінші сатыға тұрақтады. Екі нәтиже де Қазақстанның жаңа ұлттық рекорды ретінде тіркелді.
Азия ойындарында тағы екі ұлттық рекорд жаңарды. Ксения Игнатова 200 метрге кешенді жүзудің іріктеу кезеңінде 2:14.94 нәтиже көрсетсе, Айбат Мырзамұратов осы қашықтықты 2:00.37 уақытта жүзіп өтті.