Қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері АҚШ-тағы әлем чемпионатының ширек финалына шықты
Қазақстандық 30 балуан күрес түрлерінен Лас-Вегаста өтіп жатқан әлем чемпионатында сынға түсуде.
ашық дереккөзден
Қазақстандық балуандар Юсуф Ашрапов пен Диас Қалтай АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Грек-рим күресінен 72 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан Юсуф Ашрапов іріктеу кезеңінде Қырғызстан өкілінен 9:0 есебімен басым түсті. Отандасымыз қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Ал 82 келіге дейінгі салмақтағы Диас Қалтай Молдова балуанымен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ол да жарыстың ширек финалына өтті.
Айта кетейік, 12-18 қазан аралығында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өнер көрсетіп жатыр. Байрақты бәсекенің алғашқы кезеңінде грек-рим күресінің шеберлері жүлделерді сарапқа салуда.
Жарыстың ресми ашылу салтанаты Қазақстан уақытымен 13 қазан 5:15-те басталады.