Дастан Сәтпаевтың командасы бүгін «Чарльтонмен» кездеседі

Матч Қазақстан уақытымен сағат 23:45-те басталады.

Дастан Сәтпаевтың командасы бүгін «Чарльтонмен» кездеседі ашық дереккөзден

Бүгін, 13 қазаннан 14 қазанға қараған түні Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін «Бёрнли» Англия чемпионатының Чемпионшип турниріндегі 10-тур аясында «Чарльтон Атлетикті» қабылдайды. Кездесу «Тёрф Мур» стадионында өтеді. 

Тоғыз турдан кейін «Бёрнли» жеті ұпай жинап, турнир кестесінде 22-орында тұр. Ал «Чарльтон Атлетик» 13 ұпаймен 12-сатыға жайғасқан.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазан күні «Бёрнли» Чемпионшиптің тоғызыншы турында «Уотфордты» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл команда үшін осы маусымдағы алғашқы жеңіс болды.

Аталған кездесуде Дастан Сәтпаев алаңға 74-минутта қосылды. Қазақстандық футболшы ойын соңында Джейми Вардиге нәтижелі пас бергенімен, ағылшын шабуылшысының голы офсайдқа байланысты есепке алынбады. Сонымен қатар Сәтпаев Маркус Эдвардсқа гол соғуға мүмкіндік жасайтын тамаша пас шығарды.

Дастан Сәтпаев «Бёрнли» сапында осы уақытқа дейін бес матч өткізді. Оның төртеуі Чемпионшипте, біреуі Англия кубогында өтті.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу