«Хетафе» Дани Карвахальмен келісімшартқа отырды
Дани Карвахаль «Хетафе» сапында 14-нөмірмен өнер көрсетеді.
ашық дереккөзден
Испанияның «Хетафе» клубы Мадридтің «Реал» командасының бұрынғы қорғаушысы Дани Карвахальдің қатарға қосылғанын ресми түрде жариялады. Тараптар арасындағы келісімшарт 2027 жылдың 30 маусымына дейін жасалған.
«Хетафенің» ресми мәлімдемесінде 34 жастағы футболшының мансабындағы жетістіктері ерекше атап өтілді. Карвахаль «Реал» мен Испания құрамасының сапында жалпы 29 трофей жеңіп алған. Ол УЕФА Чемпиондар лигасының алты дүркін жеңімпазы және 2024 жылғы Еуропа чемпионы атанған.
«Ресми: Дани Карвахаль - “Хетафенің” жаңа ойыншысы. “Колизейге” қош келдің, Дани!» - делінген клубтың хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Карвахальдің «Хетафеге» ауысуына Ла Лига кедергі келтіргені хабарланған еді. Лиганың экономикалық комитеті футболшыға ұсынылған жалақы мөлшерін күмәнді деп бағалап, келісімді тіркеуден бас тартқан. Мамандар бұл жағдай қаржылық фэйр-плей ережелерінің сақталуына қатысты сұрақтар туғызғанын атап өткен.
Алайда «Хетафе» Карвахальдің ауысқанын ресми түрде жариялап, тәжірибелі қорғаушымен келісімшарт мерзімін де мәлімдеді.