Александр Бублик Шанхайдағы «Мастерс» турнирінің ширек финалына шыға алмады
Александр Бублик Александр Зверевтен айласын асыра алмады.
ашық дереккөзден
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ATP 1000 санатындағы турнирдің төртінші айналымында әлемнің екінші ракеткасы, германиялық Александр Зверевпен кездесті.
Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған отандасымыз фаворитке лайықты қарсылық көрсеткенімен, тартысты матчта 6:7 (6:8), 6:4, 6:7 (1:7) есебімен жеңіліп қалды. Кездесу 2 сағат 41 минутқа созылды.
Осылайша, Александр Бублик Шанхайдағы жарыстағы өнерін аяқтады. Ал Александр Зверев ширек финалға жолдама алып, онда Аустралия өкілі, әлемнің тоғызыншы ракеткасы Алекс де Минаурмен кездеседі.
Айта кетейік, Шанхайдағы беделді турнирдің жеңімпазы 1 миллион 151 мың 380 АҚШ долларын және рейтингтік 1000 ұпайды иеленеді. Ал жалпы турнирдің жүлде қоры 9,41 миллион долларды құрайды.
29 жастағы Александр Бублик Шанхайдағы «Мастерс» турниріне мансабында төртінші рет қатысты. Бұған дейін ол 2024 және 2025 жылдары екінші айналымнан аса алмаған еді. Бұл жолы қазақстандық теннисші жарыстың төртінші айналымына дейін жетіп, өзінің үздік нәтижесін жаңартты.