Шерзод Давлатов дзюдодан әлемдік рейтингтің үздік ондығына енді
Қазақстандық дзюдошы әлемдік рейтингіде бірден 15 сатыға жоғарылады.
ашық дереккөзден
Шерзод Давлатов Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жаңартылған әлемдік рейтингінде үздік ондыққа енді.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз 3263 ұпаймен тоғызыншы орынға көтерілді. Аталған салмақта әлемдік рейтингтің көшін 5180 ұпай жинаған әзербайжандық Ахмад Юсифов бастап тұр. Екінші орында 4823 ұпайы бар оның отандасы Балабей Агаев орналасса, үздік үштікті 4600 ұпай жинаған ресейлік Аюб Блиев түйіндеді.
Айта кетейік, бұған дейін Шерзод Давлатов Әзербайжанның Баку қаласында өткен дзюдодан әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алған болатын. Осы нәтижеден кейін қазақстандық спортшы әлемдік рейтингтегі орнын жақсартты.