Қазақстандық балуандар U23 әлем чемпионатында екі алтын жеңіп алды
Лас-Вегаста қазақстандық балуандардың бағы жанды.
ашық дереккөзден
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі алтын медаль иеленді. Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов әлем чемпионы атанса, Темірлан Тұрдақын финалға жолдама алды.
Грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Айбек Айтбеков шешуші белдесуде Әзербайжан өкілі Елмир Алиевті 13:4 есебімен айқын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
Ал 72 келіге дейінгі салмақта белдескен Юсуф Ашрапов финалда Армения балуаны Гаспар Тертерянмен кездесіп, 4:3 есебімен басым түсті. Осылайша, Қазақстан қоржынына екінші алтын медаль түсті.
Сонымен қатар 87 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Темірлан Тұрдақын да әлем чемпионатының финалына шықты. Отандасымыз жартылай финалда Ресей балуанын 2:1 есебімен жеңіп, алтын жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Енді ол шешуші белдесуде Иран өкілі Ясин Әли Яздиге қарсы шығады.
Ал 130 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Джохар Узаров жартылай финалда Ресей балуанына 0:5 есебімен жол берді. Енді ол әлем чемпионатының қола медалі үшін белдеседі.
Осылайша, Қазақстанның грек-рим күресінен U23 құрамасы Лас-Вегастағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, екі алтын медаль жеңіп алды. Ал Темірлан Тұрдақынның финалдағы белдесуі ел қоржынына тағы бір алтын қосуға мүмкіндік береді.