«Барыс» «Автомобилистті» ірі есеппен жеңді
Енді Михаил Кравец шәкірттерін сырт алаңда өтетін тоғыз матчтан тұратын ұзақ сапар күтіп тұр.
ашық дереккөзден
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясындағы қазан айындағы өз алыңындағы соңғы матчта Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын 4:1 есебімен жеңді.
Кездесудің алғашқы кезеңінде алаң иелері басымдық танытып, Чейз Прискидің дәл соққысының арқасында есеп ашты. Екінші кезеңнің ортасында Артём Кашатанов таразы басын теңестіргенімен, үзіліске санаулы минуттар қалғанда Джейк Масси көк сызықтан соққы жасап, «Барысты» қайтадан алға шығарды.
Үшінші кезеңде Дінмұхамед Қайыржан Прискидің нәтижелі пасынан кейін есепті еселеді. Ал Әлихан Өмірбековтің соққысынан кейін шайба қарсылас ойыншының аяғына тиіп, қақпаға енді. Осылайша, астаналық ұжым 4:1 есебімен жеңіске жетті.
«Барыстың» қақпашысы Андрей Шутов матч барысында 28 соққыға тосқауыл қойды.
17 қазанда астаналық команда Новосібірде жергілікті «Сібір» клубымен кездеседі.