«Қайрат» жастары УЕФА Жасөспірімдер лигасының екінші кезеңіне жолдама алды
Алғашқы матчта да 5:0 есебімен басым түскен қазақстандық клуб екі ойынның қорытындысы бойынша 13:1 нәтижесімен келесі кезеңге жолдама алды.
FC Kairat academy
Алматылық «Қайрат» клубының 19 жасқа дейінгі командасы УЕФА Жасөспірімдер лигасының бірінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуінде Черногорияның «Младость Донья-Горица» командасын 8:1 есебімен жеңді.
Қарымта кездесуде есеп бесінші минутта ашылды. Төре Исмағұлов мергендік танытса, 28-минутта Дәулет Орынбасар пенальтиден гол соқты. Алғашқы таймның соңына қарай Артур Трубин 37 және 42-минуттарда дубль жасады.
Екінші таймда черногориялық команда сапынан Петар Пантич 70-минутта бір голдың қарымтасын қайтарды. Алайда алматылықтар бұдан кейін тағы төрт рет мергендік танытты.
76-минутта Данияр Ташпулатов, үш минуттан соң Абылай Төлеухан гол соқты. 88-минутта Нұржан Еркін пенальтиді сәтті орындаса, қосымша уақытта Абылай Жылқайдар кездесудің соңғы голын енгізді.
Айта кетейік, 87-минутта «Младость Донья-Горица» ойыншысы Эди Никочевич алаңнан қуылып, черногориялық команда матчты 10 ойыншымен аяқтады.
Енді алматылықтар келесі кезеңде Венгрияның МТК клубымен кездеседі.