Қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері әлем чемпионатында тарихи нәтижеге қол жеткізді

Құрамамыз жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды

Қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері әлем чемпионатында тарихи нәтижеге қол жеткізді ашық дереккөзден

Қазақстан құрамасы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен тарихи жетістікке жетті. Отандастарымыз екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

60 келі салмақта Айбек Айтбеков пен 72 келіде Юсуф Ашрапов әлем чемпионы атанды. Ал 87 келіде Темірлан Тұрдақын күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар 55 келіде Арсен Жұма мен 130 келіде Джохар Узаров қола медаль жеңіп алды.

Жалпыкомандалық есепте Иран құрамасы 119 ұпаймен бірінші орынға шықты. Қазақстан балуандары 114 ұпай жинап, екінші сатыға көтерілсе, Ресей құрамасы 105 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы көш бастаған Ираннан небәрі бес ұпайға қалып, U23 әлем чемпионатын жоғары нәтижемен аяқтады. Сондай-ақ отандық грек-рим күресі тарихында алғаш рет қазақстандық балуандар екі бірдей  алтын медаль жеңіп алды. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу