ФИФА 211 ұлттық қауымдастықтың әрқайсысына 25 миллион доллардан бөлмек

Бүгін, 15 қазан Цюрихте ФИФА Кеңісінің 37-отырысы өтті.

ФИФА 211 ұлттық қауымдастықтың әрқайсысына 25 миллион доллардан бөлмек ашық дереккөзден

ФИФА президенті Джанни Инфантино ұйымға мүше 211 ұлттық қауымдастықтың әрқайсысына бөлінетін қаржы көлемін рекордтық деңгейге дейін арттыру жоспарын жариялады. Бұл бастама Қазақстан футболын дамытуға да жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. 

Инфантиноның айтуынша, 2027-2030 жылдарға арналған жаңа қаржылық цикл аясында әрбір ұлттық қауымдастыққа бөлінетін қаражат көлемі 25 миллион долларға дейін жетеді. Қаржы футбол инфрақұрылымын дамытуға, балалар мен жасөспірімдер академияларын қолдауға, сондай-ақ әйелдер футболын өркендетуге бағытталады.

ФИФА басшысы ұйымның қаржылық мүмкіндіктері кеңейгенін атап өтіп, әлемдік футболды дамытуға инвестиция салудың маңыздылығына тоқталды.

«2016 жылы президент болып сайланған кезімнен бері әрбір ұлттық қауымдастыққа бөлінетін қаржы көлемі 1 миллион доллардан 25 миллион долларға дейін өсті. Біз футболды әлемнің барлық аймағында дамытуға және оның қолжетімділігін арттыруға ұмтыламыз», - деді Джанни Инфантино Instagram парақшасында.

Жаңа қаржыландыру бағдарламасы аясында қаражат кезең-кезеңімен бөлініп, тек футболды дамытуға арналған мақсатты жобаларға жұмсалмақ. Жалпы көлемі 6,35 миллиард долларды құрайтын инвестициялық жоспар мен қаражатты бөлу тәртібін 2027 жылғы наурызда өтетін ФИФА конгресінде түпкілікті бекіту көзделген.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу