Алматыдағы World Tennis жиынына 128 елдің өкілі қатысты
Бас ассамблея барысында халықаралық жарыстардың атауларына өзгерістер енгізу мақұлданды.
ktf.kz
11-13 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзілік теннис конференциясы мен World Tennis ұйымының жыл сайынғы Бас ассамблеясы өтті. Халықаралық форумға әлемнің 128 елінен өкілдер қатысты.
«Мүмкіндіктер әлемі» тақырыбындағы конференцияда әлемдік теннисті дамыту, спорттың қолжетімділігін арттыру, жаңа ойыншылар мен жанкүйерлерді тарту және ұлттық федерациялар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Бас ассамблея барысында халықаралық жарыстардың атауларына өзгерістер енгізу мақұлданды. Арбадағы теннистен өтетін Wheelchair Tennis Masters қорытынды турнирі бұдан былай Wheelchair Finals деп аталады. Ал 30 жастан асқан спортшылар арасындағы командалық жарыстарда ерлер бәсекесі Leander Paes Cup, әйелдер турнирі Marie Pinterova Cup атауына ие болды.
Алматыда осындай ауқымды форумның өтуі Қазақстанның халықаралық теннис аренасындағы беделін нығайтып, ынтымақтастықты кеңейтуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.