Қазақстандық төрт спортшы жүзуден әлем кубогының кезеңінде финалға шықты
Финалдық жарыстар бүгін сағат 18:00-де басталады.
ашық дереккөзден
Астанада өтіп жатқан Swimming World Cup Astana 2026 әлем кубогы кезеңінің іріктеу жарыстарында Қазақстан құрамасының төрт өкілі финалға жолдама алды.
200 метрге брасс әдісімен жүзуде Айбат Мырзамұратов 2:07.15 уақыт көрсеткішімен бесінші орын алып, шешуші кезеңге өтті. Ал 50 метрге еркін стильде жүзген Глеб Коваленя 21.31 секунд нәтижесін тіркеп, Қазақстан рекордын жаңартты және финалға шықты.
Сондай-ақ 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин 51.42 секунд көрсеткішімен финалға жолдама алды. Осы қашықтықта Максим Сказобцов та ел намысын қорғайды. Ол іріктеу кезеңінде 51.53 секунд нәтиже көрсетті.
Әйелдер арасында Софья Сподаренко 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 58.55 секунд уақыт көрсетіп, сегізінші орынмен финалға өтті.
Айта кетейік, 15-17 қазан аралығында өтіп жатқан турнирге Қазақстан құрамасы 22 спортшымен қатысуда. Жарыстар «Барыс Арена» кешеніндегі 25 метрлік бассейнде ұйымдастырылуда. Астанадағы турнир Баку, Ташкентті қамтыған Silk Road Tour сериясының қорытынды бәсекесі саналады. Қазіргі уақытта іріктеу жарыстары жалғасуда.