Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» турнирлік кестеде екінші орынға жайғасты

«Барыс» сырт алаңдағы матчтар сериясын жеңіспен бастады.

Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» турнирлік кестеде екінші орынға жайғасты ашық дереккөзден

Астаналық «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында «Сібір» командасын жеңді.

Қонақтар құрамы «Автомобилистпен» өткен алдыңғы матчпен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Кездесудің алғашқы кезеңінде алаң иелері екі рет сан басымдығын пайдалануға мүмкіндік алды. Дегенмен «Барыс» сапынан Джастин Бэйли шайба соққанымен, төрешілер видеоқайталауды қарап, қақпашыға кедергі жасалғанын анықтап, голды есепке алмады.

Екінші кезеңде астаналық клуб екі рет сәтті қорғана білді.

Матч тағдырын үшінші кезеңдегі жалғыз шайба шешті. 47-минутта Логан Дэйдің соққысынан кейін Мэйсон Морелли шайбаға таяғын тосып, «Барысқа» жеңіс сыйлады.

Қақпашы Андрей Шутов қақпаға бағытталған 31 соққыны қайтарып, осы маусымда екінші рет қақпасын голдан аман сақтады.

Осы жеңістен кейін «Барыс» сырт алаңдағы тоғыз матчтан тұратын сериясын сәтті бастады. Енді Михаил Кравец шәкірттері 19 қазанда Хабаровскіде «Амурмен» кездеседі.

Статистикаға сүйенер болсақ, елордалық ұжым соңғы алты матчтың бесеуінде жеңіске жетіп, ҚХЛ турнирлік кестесінде 20 ұпаймен магнитогорскілік «Металлургтен» кейін 2-орынға жайғасты. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу