Александр Шевченко Almaty Open турнирінің іріктеу кезеңінің финалына шықты

17-25 қазан аралығында Алматы Арена спорт кешенінде Almaty Open ATP 250 турнирі өтуде.

Александр Шевченко Almaty Open турнирінің іріктеу кезеңінің финалына шықты ашық дереккөзден

Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Алматыда өтіп жатқан Almaty Open ATP 250 турнирінің іріктеу кезеңінің алғашқы айналымында жеңіске жетті.

Әлемдік рейтингте 111-орында тұрған 24 жастағы отандасымыз іріктеу кезеңінде үшінші нөмірмен тіркелген. Ол алғашқы матчта Эстония өкілі, ATP рейтингінде 178-сатыда орналасқан Даниэль Глинкамен кездесті.

Тартысты өткен матч үш сетке созылды. Шевченко алғашқы партияда 6:3 есебімен басым түсті. Алайда екінші сетте тай-брейкте 3:7 есебімен жеңіліп қалды. Шешуші партияда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Александр Шевченко кездесуді 6:3, 6:7 (3:7), 7:5 есебімен аяқтады. Матч 2 сағат 8 минутқа созылды.

Ойын барысында отандасымыз жеті эйс жасап, екі рет қос қателік жіберді. Сондай-ақ қарсыласының жалғыз брейк-пойнтын сәтті қайтарды.

Бұл жеңістің арқасында Александр Шевченко іріктеу кезеңінің финалына жолдама алды. Енді ол Almaty Open турнирінің негізгі кезеңіне шығу үшін бақ сынайды. 

Айта кетейік, бұған дейін іріктеуде сынға түскен қазақстадық теннисшілер Әмір Омарханов пен Бейбіт Жұқаев қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолын аяқтады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу