Бүгін V Жазғы Пара Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді

V Жазғы Пара Азия ойындарының ашылу салтанаты сағат 14:00-де басталады.

Бүгін V Жазғы Пара Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді ашық дереккөзден

Бүгін, 18 қазанда, Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында V Жазғы Пара Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Байрақты бәсеке 24 қазанға дейін жалғасады.

Биылғы додаға Азияның 45 елі мен өңірінен 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Ашылу салтанаты «WABI - Біз қайталанбас тұлғалармыз» («WABI - We are beautiful individuals») тақырыбымен өтеді. Оның негізгі идеясы - әр адамның ерекшелігін дәріптеу, өзара бірлік пен инклюзивтілік құндылықтарын насихаттау. Ұйымдастырушылар салтанатты шарада жапон мәдениетінің ерекшеліктерін музыка, би және дәстүрлі өнер арқылы көрсетуді жоспарлап отыр.

Ашылу салтанатының негізгі көркемдік қойылымын биші әрі хореограф Кайдзи Морияма сахналайды. Қойылымда оқиға дене қимылы, дыбыс, дауыс және поэзия арқылы баяндалады. 
Салтанатты шараның маңызды нышандарының бірі - Айчи префектурасындағы Сэто, Токонамэ және Сансю атты үш әйгілі қыш өнері орталығынан алынған саздан жасалған алау. Оны шеберлер мен жергілікті тұрғындар бірлесіп әзірлеген. Бұл туынды дәстүр, табиғат және адамзат арасындағы байланысты бейнелейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алау спорттық жарыстың басталуын білдіріп қана қоймай, параспортшылардың қиындықтарды еңсеруге деген табандылығы мен жігерінің символына айналады.

Сонымен қатар, ашылу салтанатының барша көрерменге қолжетімді болуы үшін аудиотүсіндірмелер мен смартфон арқылы көруге болатын субтитрлер қарастырылған. Бұл мүмкіндігі шектеулі көрермендерге де қойылымдарды толық түсініп, тамашалауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Мемлекеттік туын ашылу салтанатында Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков пен парадзюдошы Аяла Мереке алып шығады.

Ұлттық құрама сапында 12 спорт түрінен 150 спортшы ел намысын қорғайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу