Қазақстандық параспортшы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды

Еркін Ғаббасов Пара Азия ойындарында Қазақстанға алғашқы алтын медальді сыйлады.

Қазақстандық параспортшы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды ашық дереккөзден

Жапонияның Айчи-Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Қазақстандық спортшы 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден (R1) финалда 249,1 ұпай жинап, қарсыластарынан басым түсті. Сонымен қатар ол жарыс рекордын жаңартып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды.

Күміс медальді 248 ұпай жинаған Оңтүстік Корея өкілі Пак Джинхо иеленсе, қола жүлде 226 ұпаймен тағы бір кореялық спортшы Ли Джанхоға бұйырды.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының қоржынына пара пауэрлифтингтен күміс медаль түсті. 41 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Тұрсынай Қабыл үш мүмкіндігінің үшеуін де сәтті пайдаланып, соңғы мүмкіндігінде 104 келіні бағындырды.

Бұл сайыста Қытай өкілі Цуй Чжэ 120 келіні көтеріп, алтын медаль иеленсе, Индонезия спортшысы Ни Ненгах Видиасих 97 келі нәтижесімен қола жүлдеге қол жеткізді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу