Қазақстан құрамасы АҚШ-тағы әлем чемпионатын жеті медальмен аяқтады

Ұлттық құрама қоржынына үш алтын, бір күміс және үш қола жүлде түсті.

Қазақстан құрамасы АҚШ-тағы әлем чемпионатын жеті медальмен аяқтады instagram.com/merey_bazarbayev/

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде Қазақстан құрамасының өкілі Мерей Базарбаев еркін күрестен әлем чемпионы атанды.

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда түркиялық Бекир Кесермен белдесіп, қарсыласын 8:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, Мерей Базарбаев Қазақстан құрамасына еркін күрестен жалғыз алтын медальді сыйлады.

Қазақстандық балуанның әлем чемпионатындағы жолы сәтті өтті. Ол 1/8 финалда АҚШ өкілі, U23, U20 және U17 жас санаттарындағы әлем чемпионы Люк Лилледальды 3:1 есебімен жеңсе, ширек финалда француз Расул Галбораевтан 13:2 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда жапониялық Даито Кацумені 7:0 есебімен ұтты.

Жалпы, Қазақстан құрамасы Лас-Вегастағы әлем чемпионатын жеті медальмен аяқтады. Ұлттық құрама қоржынына үш алтын, бір күміс және үш қола жүлде түсті.

Алтын медальдарды грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта Айбек Айтбеков, 72 келіге дейінгі салмақта Юсуф Ашрапов және еркін күрестен Мерей Базарбаев жеңіп алды. Ал 87 келіге дейінгі салмақта Темірлан Тұрдақын күміс жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар әйелдер күресінен 55 келіге дейінгі салмақта Шұғыла Өмірбек, грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта Арсен Жұма және 130 келіге дейінгі салмақта Джохар Узаров әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

Айта кетейік, күрес түрлерінен АҚШ-та өткен әлем чемпионатында Қазақстан атынан 30 балуан өнер көрсетті. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу