Тарихи жетістік: Қазақстандық семсерлесушілер әлемдік рейтингтің көшін бастады
Ел спорты тарихында алғаш рет қазақстандық семсерлесушілер әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді.
ашық дереккөзден
Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасы әлемдік рейтингте бірінші орынға көтеріліп, ел спортындағы тарихи жетістіктердің біріне қол жеткізді. Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) рейтингінде көш бастаған ұлттық құрама бұл нәтижеге Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңіндегі жеңістен кейін қол жеткізді.
Шешуші бәсекеде қазақстандық семсерлесушілер Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, жарыстың алтын жүлдесін иеленді. Ал жартылай финалда Қазақстан құрамасы командалық семсерлесуден әлем чемпионатында 23 рет топ жарған Франция спортшыларынан басым түсті.
Ұлттық құрама Касабланкадағы жарыс жолын 1/16 финалдан бастап, Түркияны 45:20 есебімен ойсырата жеңді. Одан кейін Гонконг құрамасынан 45:28 есебімен басым түсіп, ширек финалда Мысырды 45:39 есебімен ұтты. Жартылай финалда Францияны дәл осындай есеппен жеңген қазақстандықтар финалда Ресейден басым түсіп, чемпиондық атақты жеңіп алды.
Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов қорғады.
Қазақстан құрамасының әлемдік рейтингте көш бастауы - соңғы уақыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Соңғы 12 айда ұлттық құрама Ислам ынтымақтастығы ойындарында, Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында жеңіске жетті.
Касабланкадағы тарихи жеңіс қазақстандық семсерлесушілердің халықаралық аренадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, ел спортының беделін арттыра түсті.