Бексұлтан Құлмырза Азия Пара ойындарының чемпионы атанды
Бүгін кезекті жарыс күні пара дзюдодан ел қоржынына үш медаль түсті.
ашық дереккөзден
Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында қазақстандық пара дзюдошылар бір алтын және екі қола медаль жеңіп алды. 81 келіге дейінгі салмақта J2 санаты бойынша сынға түскен Бексұлтан Құлмырза Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Ол алғашқы белдесуінде ирандық Реза Голамиді, жартылай финалда өзбекстандық Отабек Ирисбековті жеңді. Ал шешуші кездесуде Корея Республикасының өкілі Ким Донхунды 1 минут 44 секундта иппон әдісімен ұтып, алтын медальға қол жеткізді.
Осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ғалымжан Смағұлұлы қола жүлдегер атанды. Қазақстандық спортшы ширек финалда өзбекстандық қарсыласынан басым түсіп, жартылай финалда кореялық дзюдошыға есе жіберді. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде ирандық Реза Голамиді жеңді.
Қазақстан қоржынына тағы бір қола медальді Даяна Федосова салды. 60 келіге дейінгі салмақта J2 санатында бақ сынаған отандасымыз қола жүлде үшін өткен кездесуде сингапурлық Хунг Джоан Хуэй Синді 1 минут 44 секундта иппон әдісімен жеңді.
Айта кетейік, бұған дейін пара дзюдодан Ибрагим Нұрмаханұлы алтын, Альфия Тілекқабыл қола медаль иеленген болатын.
Сондай-ақ күні кеше пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев чемпион атанды. Тұрсынай Қабыл мен Алина Солодухина күміс, Станислав Шакиев пен Айжан Берімқұлова қола жүлдеге қол жеткізді.
Пара велоспорттан Анастасия Калаус пен Полина Братчикова күміс, Кирилл Ильюкевич пен Глеб Брусенский қола медаль жеңіп алды. Пара жүзуден Диас Кенжебек күміс, Роман Потапов пен Виктор Волков қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы 4×50 метрге кешенді аралас эстафетада күміс медаль иеленді.
Пара үстел теннисінен Ардақ Нұрмағанбетов пен Али Махұлбеков ел қоржынына екі қола медаль еншіледі.
18 қазан басталған байрақты бәсеке 24 қазанға дейін жалғасады. Ұлттық құрама сапында 12 спорт түрінен 150 спортшы ел намысын қорғауда.