Қазақстан құрамасы Ташкенттегі Азия чемпионатында Моңғолияны жеңді
Қазақстан әйелдер құрамасы плей-офф кезеңінде қатарынан үш жеңіске жеткен жағдайда үздік сегіздікке жолдама алады.
ашық дереккөзден
Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан үстел теннисінен XXIX Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы Моңғолияны сенімді түрде жеңді.
20 қазанда командалық жарыстың алғашқы алдын ала кезеңінде қазақстандық спортшылар Моңғолия құрамасынан 3:0 есебімен басым түсті.
Алғашқы кездесуде Сарвиноз Миркадирова моңғолиялық Анхмаа Сер-Одты 3:0 (11:6, 11:6, 11:0) есебімен жеңді. Одан кейін Зәуреш Акашева Болор-Эрдэнэ Батмунхтан 3:1 (11:3, 11:7, 9:11, 11:7) есебімен басым түсті. Ал Жанерке Қошқымбаева Энхжин Тувшинбаярды 3:0 (11:8, 11:6, 11:4) есебімен ұтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның әйелдер құрамасы Мальдив аралдарын 3:0 есебімен жеңіп, Иранға 2:3 есебімен есе жіберген болатын.
Ал ерлер құрамасы Филиппинді 3:0, Шри-Ланканы 3:1 есебімен жеңіп, бірінші топта көш бастады.
19 қазанда басталған құрлықтық додаға 28 елден 235 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын ерлер мен әйелдер арасында он үстел теннисшісі қорғап жатыр.