V Пара Азия ойындары: Диас Кенжебек Азия рекордын жаңартты

Бұл Диас Кенжебектің V Пара Азия ойындарындағы үшінші жүлдесі.

V Пара Азия ойындары: Диас Кенжебек Азия рекордын жаңартты ҚР Паралимпиада комитеті

Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан V Пара Азия ойындарында қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек Азия рекордын жаңартып, алтын медаль иеленді.

Қазақстандық спортшы ерлер арасында S10 санаты бойынша 100 метрге шалқалай жүзу сайысының финалында 1 минут 1,98 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті. Осылайша ол бұған дейінгі 1 минут 3,73 секундтық Азия рекордын жаңартты.

Сонымен қатар Диас Кенжебек SM10 санатында 200 метрге кешенді жүзуден 2 минут 21,61 секунд нәтижемен күміс медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, бұл Диас Кенжебектің V Пара Азия ойындарындағы үшінші жүлдесі. Бұған дейін ол S10 санатында 100 метрге еркін стильде жүзуден күміс медаль иеленген болатын.

Осылайша қазақстандық спортшының еншісінде бір алтын және екі күміс медаль бар. Ал Диас Кенжебектің жеңісі Қазақстан құрамасына V Пара Азия ойындарындағы бесінші алтын жүлдені әкелді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу