Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін жеңіспен бастады
Бүгінгі кездесудің басты қаһарманы хет-трик авторы Эдсон болды.
ашық дереккөзден
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуінде Беларусь құрамасын жеңді.
Астанада өткен 6-топтың алғашқы ойыны 5:4 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.
Кездесудің 4-минутында Беларусь құрамасының ойыншысы Сергей Крыкун есеп ашты. Алайда қазақстандықтар көп ұзамай таразы басын теңестірді. 9-минутта Альберт Ақбалықов пенальтиді сәтті орындаса, араға бір минут салып Эдсон есепті еселеді.
14-минутта Эдсон тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Екінші таймның 28-минутында ол үшінші голын соғып, хет-трик авторы атанды. 31-минутта Максим Батурин есеп айырмасын қысқартқанымен, 34-минутта Қазақстан құрамасының қақпашысы Лео Игита қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті 5:2-ге жеткізді.
Матчтың соңғы минутында беларусьтер Дмитрий Шведко мен Сергей Крыкунның голдарының арқасында есеп айырмасын бір допқа дейін қысқартты. Дегенмен Қазақстан құрамасы жеңісті уысынан шығармады.
Қазақстандық футзалшылар келесі кездесуін 11 қарашада Беларусь құрамасына қарсы сырт алаңда өткізеді.