«ПСЖ» жұлдызы «Барселонаға» қарсы матчта ауыр жарақат алды
Хвича Кварацхелияға ота жасалатын болды.
Franco Arland/Getty Images
Франциялық «Пари Сен-Жермен» клубының шабуылшысы Хвича Кварацхелия Чемпиондар лигасында «Барселонаға» қарсы өткен кездесуде ауыр жарақат алды.
21 қазанда париждік клуб грузиялық футболшының оң тізесі жарақат алғанын ресми түрде хабарлады. Осыған байланысты 25 жастағы ойыншы алдағы күндері ота жасатады. Әзірге оның алаңға қашан оралатыны белгісіз.
Кварацхелия Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда «Барселонаға» қарсы өткен матчтың екінші таймының басында жарақат алған. Ол каталониялық клубтың ойыншысы Хави Эспартпен соқтығысқаннан кейін тізесін ұстап, алаңға құлаған. Футболшы кездесуді жалғастыра алмай, медициналық қызметкерлердің көмегімен алаңнан кетті. Аталған матчта «ПСЖ» 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Кварацхелия 2026/27 жылғы маусымда париждік клуб сапында барлық турнирде 11 матч өткізді. Франция чемпионатындағы жеті кездесуде бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Сондай-ақ УЕФА Суперкубогында бір мәрте мергендігімен көзге түсті.
«ПСЖ» Чемпиондар лигасындағы келесі кездесуін 3 қарашада Испанияның «Вильярреал» клубына қарсы сырт алаңда өткізеді.