Михаил Кукушкин кәсіби мансабындағы соңғы матчын өткізді

Михаил Кукушкин 15 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетті.

Михаил Кукушкин кәсіби мансабындағы соңғы матчын өткізді ашық дереккөзден

Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінде кәсіби мансабындағы соңғы кездесуін өткізді.

38 жастағы қазақстандық спортшы жарыстың екінші айналымында турнирдің жетінші ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен кездесті. Almaty Arena кешенінің орталық кортында өткен матчта Циципас 6:1, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде грекиялық теннисші сегіз эйс жасап, төрт брейк-пойнтты сәтті пайдаланды.

Матч аяқталғаннан кейін Стефанос Циципас қарсыласының кәсіби мансабына жоғары баға беріп, оның соңғы кездесуіне қатысу ерекше әсер қалдырғанын айтты.

«Ең алдымен, Михаилді тамаша мансабымен шын жүректен құттықтаймын. Қарсыласымның соңғы матчына қатысу мен үшін ерекше жағдай болды. Бұған дейін мұндай сәтті бастан өткермеппін. Бұл оңай емес», - деді Циципас.

Михаил Кукушкин кәсіби теннисте 20 жылдан астам уақыт өнер көрсетті. Ол 2019 жылдың ақпанында ATP рейтингінде 39-орынға көтеріліп, мансабындағы ең жоғары көрсеткішіне қол жеткізді.

2010 жылы Санкт-Петербургте өткен турнирде ATP деңгейіндегі алғашқы әрі жалғыз жекелей титулын жеңіп алды. Сондай-ақ 2012 жылы Australian Open және 2019 жылы Уимблдон турнирлерінің төртінші айналымына шықты.

Кукушкин 15 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан құрамасының сапында Дэвис кубогына қатысып, ұлттық команданың көшбасшы ойыншыларының бірі болды. Осылайша, тәжірибелі теннисші кәсіби мансабын өз жанкүйерлерінің алдында аяқтады. Ал Стефанос Циципас Almaty Open турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу