Қазақстандық жас паделшілер Азия рейтингінде үздік үштікке енді
Қазақстандық жас спортшылар Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин паделден тарихи нәтижеге қол жеткізді.
ашық дереккөзден
Халықаралық падел федерациясы (FIP) жариялаған жаңартылған рейтингке сәйкес, қазақстандық екі спортшы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азияның үздік үштігіне енді.
Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин FIP Promises рейтингінде үшінші орынға тұрақтады. Бұл - қазақстандық жасөспірімдердің падел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Бұған дейін қос спортшы Алматыда өткен FIP Promises Almaty 2026 халықаралық турнирінде 16 жасқа дейінгі санатта жеңімпаз атанған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда Қазақстан тарихындағы алғашқы халықаралық жасөспірімдер падел турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстан, Ресей, АҚШ, Үндістан және басқа да елдерден келген жас спортшылар қатысты.
Турнирде 14, 16 және 18 жасқа дейінгі үш жас санат бойынша жеңімпаздар анықталды.
Қазақстандық спортшылардың бұл жетістігі елімізде падел спортының дамып келе жатқанын және жас ойыншылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.