«Қайрат» бүгін Алматыда грек клубымен күш сынасады
Алматыдағы Орталық стадионда өтетін кездесу Қазақстан уақытымен сағат 19:30-да басталады.
ашық дереккөзден
Бүгін, 22 қазанда алматылық «Қайрат» УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі екінші кездесуін өткізеді. Қазақстандық клуб өз алаңында Грекияның әйгілі «Панатинаикос» командасын қабылдайды.
Еурокубоктағы алғашқы қадамын тең нәтижемен бастаған «Қайрат» бұл жолы өз жанкүйерлерінің алдында жеңіске жетуді көздейді. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері бірінші турда Латвияның «Рига» клубымен сырт алаңда 1:1 есебімен тең түскен болатын.
Ал бүгінгі қарсылас «Панатинаикос» турнирді жеңіспен бастады. Грекиялық ұжым алғашқы турда Босния және Герцеговинаның «Борац» командасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Қазіргі уақытта «Қайрат» бір ұпаймен Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі турнирлік кестеде 20-орында тұр. Ал үш ұпай еншілеген «Панатинаикос» 12-сатыға жайғасқан.
Алматылықтар үшін бүгінгі кездесу турнирлік жағдайын жақсартуға және еурокубоктағы алғашқы жеңісіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Дегенмен тәжірибелі грек клубына қарсы тұру оңайға соқпасы анық.
Айта кетейік, «Қайрат» алдағы турларда Италияның «Аталанта», Швецияның «Мьельбю», Румынияның «Университатя Крайова» және Нидерландтың «Твенте» клубтарымен де шеберлік байқасады.