Қазақстан қоржынына Азия Пара ойындарында тағы үш медаль түсті

Ұлттық құрама сапында 12 спорт түрінен 150 спортшы ел намысын қорғауда.

Қазақстан қоржынына Азия Пара ойындарында тағы үш медаль түсті ашық дереккөзден

Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы тағы үш жүлдеге қол жеткізді. Бүгін, 22 қазан ел қоржыны бір күміс және екі қола медальмен толықты.

Пара садақ атудан ерлер арасындағы W1 класында Нұршат Төлеуқасым қола жүлдегер атанды. Отандасымыз үшінші орын үшін өткен кездесуде Таиланд өкілі Супхават Самутчайякиджді 6:2 есебімен жеңді. Төрт сетке созылған тартысты бәсеке 26:24, 23:22, 23:26, 26:23 нәтижелерімен аяқталды.

Қазақстан құрамасының қоржынындағы тағы екі жүлдені пара жеңіл атлеттер иеленді. Ерлер арасында F36 класында ядро итеруден Дастан Мұқашбеков 15,47 метр нәтижемен күміс медаль жеңіп алды. 

Айта кетейік, Дастан Мұқашбеков Пара Азия ойындарында Мемлекеттік туды ұстап шықты. Ол бұған дейін 2024 жылы Париж Паралимпиада ойындарының пара жеңіл атлетикадан қола жүлдегер атанған болатын

Ал, Иван Зелезняк ядро лақтырудан 12,71 метр көрсеткішпен қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл Иван Зелезняктің Азия Пара ойындарындағы үшінші қола медалі. Ол 2018 жылы Джакартада өткен жарыста 11,69 метр нәтижемен үшінші орын алған. Ал 2023 жылы Ханчжоуда 12,39 метр көрсеткіш тіркеп, тағы да қола жүлдегер атанған еді.

Осылайша, қазақстандық пара спортшылар құрлықтық додада ел қоржынын бүгін тағы үш медальмен толықтырды.

18 қазан басталған байрақты бәсеке 24 қазанға дейін жалғасады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу