Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» басшысымен кездесті

Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» клубының бас директорымен Қазақстан футболының дамуын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» басшысымен кездесті ҚФФ

Қасым-Жомарт Тоқаев мадридтік «Атлетико» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринмен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы испаниялық клубпен қалыптасқан ынтымақтастықты жоғары бағалап, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, елімізде футбол инфрақұрылымын дамытуға, заманауи жаттығу базаларын салуға және жас футболшыларды даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстары жалғасуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев ФИФА-мен бірлесіп, еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Испания құрамасы мен испаниялық футбол мектебінің жетістіктеріне тоқталып, олардың тәжірибесін қазақстандық жас футболшыларды даярлау ісінде пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Мигель Анхель Хиль Марин Қазақстанда футболды дамытуға көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Алматы облысында орналасқан «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымына жоғары баға беріп, оның болашақта үздік футбол оқу-жаттығу кешендерінің біріне айналатынына сенім білдірді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мигель Анхель Хиль Маринді Қазақстан футболының дамуына қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу