«Қайрат» өз алаңында «Панатинаикостан» ойсырай ұтылды
Алматыда өткен кездесу қонақтардың пайдасына 5:1 есебімен аяқталды.
ашық дереккөзден
Алматылық «Қайрат» футбол клубы УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда Грекияның «Панатинаикос» командасынан ірі есеппен жеңілді.
Матчтың 6-минутында Висенте Таборда есеп ашты. 24-минутта Сириль Дессерс пенальтиді сәтті орындап, қонақтардың басымдығын арттырды. Екінші таймның 47-минутында Дессерс дубль авторы атанды. Ал 57-минутта Кингс Кангва есепті 4:0-ге жеткізді. 75-минутта Эльмин Растодер бесінші голды соқты.
Кездесудің 79-минутында «Қайрат» футболшысы Исмаил Бекболат қарсылас қақпасын дәл көздеп, есеп айырмасын қысқартты. Осылайша матч 1:5 есебімен аяқталды.
Ойын қорытындысы бойынша Sofascore статистикалық порталы алматылық клубтың қақпашысы Темірлан Анарбековке 4,8 ұпай берді. Бұл команда сапындағы ең төмен көрсеткіш болды. Ал «Қайраттың» жалғыз голын соққан Исмаил Бекболат 7,6 ұпай жинап, командаластары арасында ең жоғары баға алды.
Айта кетейік, Конференциялар лигасының алғашқы турында «Қайрат» сырт алаңда Латвияның «Рига» клубымен 1:1 есебімен тең түскен болатын. Ал «Панатинаикос» өз алаңында Босния және Герцеговинаның «Борац» командасын 2:1 есебімен жеңді.
Рафаэль Уразбахтин шәкірттері алдағы турларда Италияның «Аталанта» және Нидерландының «Твенте» клубтарымен сырт алаңда кездеседі. Сондай-ақ Швецияның «Мьельбю» және Румынияның «Университатя Крайова» командаларын Алматыда қабылдайды.