Рафаэль Уразбахтин «Қайраттың» ірі жеңілісіне қатысты пікір білдірді
Бүгін алматылық клуб «Панатинаикос» командасына 1:5 есебімен ұтылды.
ашық дереккөзден
«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда Грекияның «Панатинаикос» командасынан 1:5 есебімен жеңілген матчқа қатысты пікір білдірді.
- Ойын туралы не айтасыз?
- Барлығы біз жоспарлағандай болмады. Бірінші таймда сенімді ойнап, кем дегенде гол жібермеуді көздедік. Жеңіліске қарамастан, бұл кездесу біз үшін жақсы тәжірибе әрі сабақ болды деп есептеймін. Жігіттер есеп айырмашылығы үлкен болғанына қарамастан, ойынды жалғастырып, қарсыласқа қысым көрсетті. Әрине, қарсыластың шеберлік деңгейі әсер етті. Мұндай командалармен кездескенде әрбір қателіктің құны өте жоғары. Өкінішке қарай, бұл жеңіліс біздің қазіргі деңгейімізді көрсетті. Екі күннен кейін бізді маңызды матч күтіп тұр. Сондықтан қазір бар ойымыз алдағы ойынға бағытталған
- Соңғы үш матчта Александр Широбоков 90 минуттан ойнағанына қарамастан, Олжас Байбекті негізгі құрамға шығару туралы шешімге не себеп болды?
- Біз алаңға тың ойыншыны шығарғымыз келді. Сонымен қатар Александрдың алдыңғы кездесудегі ойыны маған аса ұнамады. Сондықтан Олжасқа сенім артуды жөн көрдім. Өкінішке қарай, оның негізгі құрамда тұрақты ойнамауы әсер еткен болуы мүмкін. Ол ойынға біз күткендей кірісе алмады. Бұл шешімім дұрыс болмады.
- Бірінші таймның соңында Эдмилсон жарақат алды. Оның жағдайы туралы қандай ақпарат бар?
- Ол тобығын қайырып алды, аяғы ісіп кетті. Сондықтан оны ауыстыруға мәжбүр болдық. Енді жағдайын бақылаймыз. Әрине, оның келесі матчқа қатысқанын қалаймыз. Бірақ әзірге нақты ештеңе айта алмаймын.
- Маусымды қорытындылай келе, «Қайраттың» 2025 жылғы деңгейіне қайта оралуы үшін келесі маусымда команда құрамында көргіңіз келетін футболшыларды атай аласыз ба?
- Қазір нақты тізімді атай алмаймын. Әрине, кейбір позицияларды күшейтуіміз қажет. Бірақ келесі жылы легионерлерге қатысты жағдайдың қалай болатыны әзірге белгісіз. Жалпы, командада барлық позиция қамтылған. Сондықтан қандай футболшыларды шақырғымыз келетінін нақты айту қиын. Дегенмен, жеке өзім кейбір позицияларды күшейту керек деп есептеймін.
- Ойын деңгейі жағынан «Панатинаикос» осы маусымда кездескен ең мықты қарсыластарыңыз ба?
- Иә, солай шығар. Бұл комбинациялық футболды жақсы ойнайтын, допты бақылауда ұстайтын, жылдам әрі шапшаң футболшылары бар, белсенді прессинг қолданатын мықты команда. Сапалы ойыншылардан жасақталған заманауи ұжым. Дегенмен, біз оларға мүлде қарсы тұра алмадық деп айта алмаймын. Матчтан кейін маған статистиканы көрсетті. Қателеспесем, біз қарсыласқа қарағанда қақпаға көбірек соққы жасадық. Олар аз соққы жасап, бес гол соқты, ал біз бір ғана голмен шектелдік. Менің ойымша, мұнда футболшылардың жеке шеберлігі шешуші рөл атқарды. Қазіргі уақытта бұл расымен де өте мықты команда.
- Мұндай командаға Қазақстан чемпионатында ойнау қаншалықты оңай болар еді?
- Оларға оңай болар еді деп ойламаймын. Бір ғана матчқа қарап қорытынды жасауға болмайды. Команданың деңгейін ұзақ маусым барысында бағалау қажет.
- Александр Мартыновичтің ойынын қалай бағалайсыз? Сондай-ақ матчтан кейін жанкүйерлердің «Қашанғы осылай жалғаса береді?» деп ұрандатқанына көзқарасыңыз қандай?
- Менің ойымша, біздің ойын сапамыз жақсы болды. Батыл ойнадық, қарсыласқа қысым көрсеттік. Алайда жекелеген қателіктер өз әсерін тигізді. Мұндай ұран айтқан адамдар, меніңше, футболды түсінбейді. Жігіттер бар күшін салып, алаңда аянып қалған жоқ. Мен әрқашан өз футболшыларымды қорғаймын және мұндай наразылықтарды негізсіз деп есептеймін. Александр Мартыновичке келсек, ол туралы тек жақсы пікір айтуға болады. Ол біздің командада қарсыластың әрекетін алдын ала болжап, допқа бірінші жетуге тырысатын және әуедегі доптар үшін күресте басымдық танытатын жалғыз футболшы. Біз жергілікті ойыншылардан да осыны талап етеміз. Бірақ олардың қолынан әрдайым келе бермейді. Жас футболшыларға үнемі Сашаға қарап, одан үйрену керектігін айтамыз.
Тіпті әзілдеп, Мартыновичтің соңынан қойындәптер ұстап жүріп, әр қадамын жазып алыңдар деймін. Оның не істейтінін, не жейтінін, нешеде ұйықтайтынын, жаттығу залында қалай жұмыс істейтінін бақылау керек.
- «Қайраттың» жалғыз голын соққан Исмаил Бекболаттың ойынын қалай бағалайсыз? Оның болашағы туралы не айтасыз?
- Алдыңғы баспасөз мәслихатында да менен жас футболшылар туралы сұраған болатын. Сол кезде бәрі өздеріне байланысты екенін айттым. Егер олар жоғары деңгейге жетіп, үздік футболшылардың қатарына қосылса, біз тек қуанамыз. Бірақ ойыншыны тек матч соңында гол соққаны үшін ғана бағалауға болмайды. Оның бүкіл кездесу барысындағы әрекетіне назар аудару қажет. Футболшының доп үшін қалай күресетіні, әріптестеріне пас алуға қалай ашылатыны және командамен қалай әрекеттесетіні маңызды. Біз жас ойыншыларды дәл осы тұрғыдан бағалауға тырысамыз. Олар тек доппен ойнап қана қоймай, команда үшін де еңбек етуі тиіс.
- Матчтың алғашқы минуттарында «Панатинаикос» футболшылары қатарынан 20-30 пас жасай алды. Ал біздің команда допты тартып ала алмады. Бұл ойыншылардың матч басындағы қобалжуынан болды ма, әлде командалардың шеберлік деңгейіндегі айырмашылықтан ба?
- Сұрағыңызға рақмет. Бір ғана нәрсені айтайын: «Панатинаикос» Грекия чемпионатында орта есеппен ойын уақытының 60 пайызында допқа иелік етеді. Кейбір кездесулерде бұл көрсеткіш 70-80 пайызға дейін жетеді. Мен матч алдындағы баспасөз мәслихатында да қарсыластың допты өте жақсы бақылайтынын, комбинациялық ойынға бейім екенін және құрамында сапалы футболшылар бар екенін айтқанмын. Біз ойынның осылай өрбитінін алдын ала болжадық.
Соған қарамастан, қарсыласты қателесуге мәжбүрледік. Оларды допты қақпашысына қайтаруға итермелеп, қысым көрсеттік. Соның салдарынан қақпашы ұзын пастар жасауға мәжбүр болды. Сондықтан «Панатинаикостың» ойыны мінсіз өтті деп айта алмаймын. Допқа иелік ету статистикасы бойынша да олардың аса үлкен басымдығы болды деп ойламаймын. Дегенмен, бұл - Грекия чемпионатында допты орта есеппен 60 пайыз уақыт бойы бақылауда ұстайтын мықты команда.
- Өткен жылы сіздер Грекия чемпионы «Олимпиакоспен» кездесіп, 73-минутқа дейін есепті тең ұстап, ақырында 0:1 есебімен жеңілдіңіздер. Ал биыл Грекия чемпионатында көш бастап тұрған «Панатинаикосқа» қарсы матчта бірінші таймның өзінде есеп қарсылас пайдасына болды. Мұндай айырмашылықтың себебі неде? Біздің команда әлсіреді ме, әлде басқа себеп бар ма?
- Біріншіден, бұлар екі түрлі команда. Өткен жылы «Олимпиакостың» бас бапкері басқа болды және команда мүлде өзгеше футбол ойнады. Олар тік бағыттағы шабуылдарға, ұзын пастарға, қорғаушылардың артына доп асыруға және шабуылшылардың жиі жылдамдық қосуына басымдық берді. Шынын айтқанда, сол матчтағы 0:1 есебі біз үшін жаман нәтиже болған жоқ. Қарсылас одан да көп гол соғуы мүмкін еді. Мен мұны объективті түрде айтып отырмын. Ал «Панатинаикос» мүлде басқаша ойнайды. Олар допты алға жөнсіз ұзын паспен жібере бермейді. Мұндай тәсілді қарсылас қысым жасап, жақын тұрған әріптесіне пас беру мүмкіндігі болмаған кезде ғана қолданады.
Қалған уақытта футболшылар комбинациялық ойын құрып, алаң ортасында сандық басымдық қалыптастыруға және оны шабуылды дамыту үшін пайдалануға тырысады.
Біз «Олимпиакос» пен «Панатинаикос» арасындағы кездесуді де талдадық. Ол матчта «Олимпиакос» жеңіске жеткенімен, допқа иелік ету жағынан «Панатинаикос» басым болды. Олар көптеген гол соғатын мүмкіндіктер жасап, бірақ пайдалана алмады. Сондықтан бұл екі команданың ойын мәнері әртүрлі деп есептеймін. Оларды тікелей салыстыру дұрыс емес.