Александр Бублик «Almaty Open» турнирінің жартылай финалына шықты
Бүгін, 24 қазан 18:00-де 1/2 финалда Александр Бублик Даниил Медведевпен кездеседі.
ашық дереккөзден
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Алматыда өтіп жатқан ATP 250 санатындағы «Almaty Open» турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Ширек финалда жарыстың үшінші нөмірлі теннисшісі бесінші нөмірмен тіркелген ресейлік Карен Хачановпен кездесті. Үш сетке созылған тартысты матчта қазақстандық спортшы 4:6, 7:6 (7:5), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Кездесудің алғашқы партиясында Хачанов брейк жасап, 6:4 есебімен басым түсті. Алайда екінші сетте Бублик ойын қарқынын арттырды. Партияның тағдыры тай-брейкте шешіліп, отандасымыз 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Шешуші үшінші сетте екі теннисші де допты ойынға қосуда жоғары шеберлік танытты. Қарсыластар бір-біріне брейк жасауға мүмкіндік бермей, партияны тай-брейкке жеткізді. Бұл жолы да Бублик маңызды сәттерде дәл ойнап, 7:5 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ ол Қазақстандағы теннистің дамуына қатысты пікір білдірді. Бублик халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүргеніне он жылға жуық уақыт болғанын еске алып, елдегі спорттың жетістіктеріне жоғары баға берді.
«Қазақстандағы теннистің дамуын нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға болады. Қол жеткізген нәтижелеріміз - керемет жетістік. Алдағы уақытта елдегі теннис одан әрі дамып, ауқымы кеңейіп, деңгейі көтеріле түсетініне сенімдімін», - деп атап өтті Александр.
Осылайша, Александр Бублик «Almaty Open» турнирінің жартылай финалына шығып, отандық жанкүйерлер алдында чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады.