«Ордабасы» чемпиондыққа бір қадам қалды
Бүгін чемпиондықтың тағдыры шешілуі мүмкін.
ашық дереккөзден
Қазақстан Премьер-лигасының аяқталуына небәрі екі тур қалды. Шымкенттің «Ордабасы» клубы чемпиондық атаққа барынша жақындап, басты қарсыластарынан төрт ұпайға озып келеді. Енді командаға тарихи мақсатқа жету үшін өз алаңында бүгін «Жеңісті» жеңу жеткілікті. Бұл кездесуде үш ұпай еншілесе, «Ордабасы» маусым аяқталмай тұрып-ақ чемпиондық атағын мерзімінен бұрын қамтамасыз етеді.
Шымкенттік ұжымның чемпиондыққа лайық екенін соңғы ойындардағы нәтижелері де айқын аңғартады. Өткен сенбіде «Ордабасы» сырт алаңда «Ақтөбеге» қарсы маңызды кездесу өткізді. Бірінші таймнан кейін 0:1 есебімен жеңіліп жатқан команда үзілістен соң ойын тізгінін өз қолына алып, қарсылас қақпасына үш гол соқты. Осылайша, «Ордабасы» қиын сәтте де мінез танытып, қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді.
Бұл жеңіс шымкенттіктердің тек турнирлік кестедегі артықшылығын сақтап қана қоймай, шешуші кезеңде психологиялық тұрғыдан да мықты екенін көрсетті. Маусымның ең жауапты сәтінде команда қысымға төтеп беріп, нәтижеге қол жеткізе алатынын дәлелдеп отыр.
Қазіргі уақытта «Ордабасы» турнир кестесінде төрт ұпайлық басымдықпен көш бастап келеді. Чемпиондық тағдырын өз қолында ұстап отырған команда енді өз алаңында «Жеңісті» қабылдайды. Бұл кездесуде жеңіске жетсе, шымкенттіктерге қалған турдың нәтижелеріне алаңдаудың қажеті болмайды. Ал күтпеген жерден ұпай жоғалтқан жағдайда, басты қарсыластарының ойынын күтуге тура келеді.
Дегенмен, «Ордабасының» қазіргі қарқынына қарап, команда чемпиондыққа сенімді қадам басып келе жатқанын байқауға болады. Клубтың соңғы жеңілісі 2025 жылдың тамыз айында тіркелген. Сол кезде шымкенттіктер «Тобылдан» 2:3 есебімен ұтылған еді. Ал биылғы маусымда команда барлық турнирде өткізген 17 кездесудің 15-інде жеңіске жеткен. Сирек кездескен екі сүрінудің де маусымның алғашқы жартысына тұспа-тұс келуі ұжымның кейінгі уақытта ойын сапасын айтарлықтай жақсартқанын көрсетеді.
Сәуір айында «Атыраумен» тең түскеннен кейін «Ордабасы» қатарынан 14 матчта жеңіске жеткен. Оның сегізінде қарсыластарына гол соғуға мүмкіндік бермеген. Бұл көрсеткіш шымкенттік клубтың қорғаныстағы сенімділігін де айқын көрсетеді.
Команда әр кездесуде қарсыласын ірі есеппен жеңе бермесе де, тұрақтылығымен ерекшеленеді. Орта есеппен әр ойында екі гол соғып, шабуылда да нәтижелі ойын көрсетіп келеді. Ал қорғаныстағы көрсеткіші тіпті тамаша. Чемпионатта небәрі сегіз гол жіберіп, бұл бағытта үздік атанып отыр.
Ал «Жеңістің» жағдайы мүлде басқаша. Астаналық клуб турнир кестесінің орта тұсында орналасқандықтан, маусымның соңғы ойындарында аса үлкен турнирлік міндетті шешіп отырған жоқ. Жаздың соңында Владимир Слишковичтің жетекшілігімен қатарынан үш матчта жеңіске жеткен команда күзде сол қарқынын жоғалтып алды. Соңғы алты кездесудің бесеуінде жеңіліс тапты.
Әйтсе де, бұл нәтижелерді бағалағанда қарсыластардың деңгейін де ескерген жөн. «Жеңіс» соңғы кезеңде турнир кестесінің жоғарғы бөлігінде тұрған төрт командамен кездесіп, олардың барлығына қарсы сырт алаңда ойнады. Сондықтан команданың әрбір сәтсіздігін тек ойын сапасымен байланыстыруға болмайды.
Соған қарамастан, екі апта бұрын өз алаңында «Атыраудан» 1:2 есебімен жеңілуі астаналықтар үшін жағымсыз нәтиже болды. Әсіресе, қарсылас аман қалу үшін күресіп жатқанда, «Жеңістің» турнирлік қысымның аздығына қарамастан ұпай жоғалтуы назар аудартты.
Жақында клуб Владимир Слишковичпен де қоштасты. Босниялық маман команда тізгінін ұстағанына небәрі екі жарым ай болғанына қарамастан, маусымның аяқталуына аз уақыт қалғанда отбасылық жағдайына байланысты қызметінен кетті. Қалған кездесулерде бас бапкер міндетін оның жаттықтырушылар штабында болған Антон Чичулин атқарады.
Енді «Жеңіс» үшін маусымды абыроймен аяқтау маңызды болса, «Ордабасы» үшін бұл кездесу чемпиондыққа бастайтын шешуші баспалдақ болмақ. Шымкенттік жанкүйерлердің алдында жеңіске жету арқылы команда ұзақ күткен мақсатына қол жеткізе алады.
Айта кетейік, «Ордабасы» - «Жеңіс» арасындағы матч бүгін, 24 қазан 18:00-де Шымкентте Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда басталады.