«Ордабасы» «Жеңіспен» тең түсті
Шымкентік клуб чемпиондықты мерзімінен бұрын рәсімдей алмады.
ашық дереккөзден
Қазақстан Премьер-лигасының 29-туры аясында Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында елордалық «Жеңіспен» тең түсті. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Матчтың екінші таймы бастала салысымен қонақтар есеп ашты. 46-минутта «Ордабасы» қорғаушысы Гай Килама өз қақпасына гол соғып алды. Ал 66-минутта Жасұлан Әмір екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
Сан басымдығын иеленген елордалықтар жеңісті есепті сақтап қала алмады. 70-минутта Эльхан Астанов командаластары ұйымдастырған әдемі комбинацияны голмен аяқтап, таразы басын теңестірді.
Кездесудің соңғы минуттарында да эмоция басылмады. Соңғы ысқырықтан кейін «Ордабасы» капитаны Сергей Малый қызыл қағаз алды.
Осылайша, шымкенттік клуб чемпиондық атақты мерзімінен бұрын рәсімдей алмады. Қазір «Ордабасының» еншісінде 68 ұпай бар. Команда турнир кестесінде көш бастап тұр. Алматылық «Қайрат» бес ұпайға қалып келеді, алайда бір ойыны кем.
Ертең «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбемен» кездеседі. Егер алматылықтар жеңіске жетсе, чемпиондық тағдыры соңғы турға дейін шешілмеуі мүмкін.
31 қазанда өтетін соңғы турда «Қайрат» өз алаңында «Алтайды» қабылдаса, «Ордабасы» Павлодарда «Ертіспен» ойнайды. Чемпиондық бәсекенің түйіні осы матчтарда тарқатылуы ықтимал.