Нариман Құрбанов әлем чемпионатында төртінші орынға ие болды

Қола жүлдеге қол жеткізу үшін Нариманға небәрі 0,067 ұпай жетпеді.

Нариман Құрбанов әлем чемпионатында төртінші орынға ие болды ашық дереккөзден

Қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов Нидерландының Роттердам қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан 54-ші әлем чемпионатында жүлдеге бір табан жақын болды.

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері ат үстіндегі жаттығулардың финалында өнер көрсетіп, 14,933 ұпай жинады. Осы нәтижемен отандасымыз төртінші орынға тұрақтады. Қола жүлдеге қол жеткізу үшін оған небәрі 0,067 ұпай жетпеді.

Әлем чемпионы атағын 15,300 ұпай жинаған армениялық Гамлет Манукян жеңіп алды. Италиялық Габриэле Таргетта 15,233 ұпаймен күміс медаль иеленсе, тағы бір армениялық гимнаст Мамикон Хачатрян 15,000 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Биылғы әлем чемпионатына 83 елден 463 спортшы қатысып жатыр. Сонымен қатар, жарыс аясында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына арналған алғашқы командалық лицензиялар сарапқа салынады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу